Әлемде "қант диабеті" деген диагнозы бар адамдар саны жылдан-жылға артып келеді. Оның жиі кездесетіні соншалық, ол дерт инфекциялық емес пандемия сипатына ие болып отыр. Бұл аурудың туындау себебі не және оны қалай емдейді?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Жер ғалашмарындағы тұрғындардың шамамен 6%-і қант диабетіне шалдыққан. Ең өкініштісі, бұл дерт жылдан-жылға жасарып келеді: егер бұрындары қант диабетінің 2-ші түрі көбіне 50 жастан асқан адамдарда
кездессе, қазір бұл ауру 30 жастағы науқастардан да анықталып жатыр. Осыдан 30 жыл бұрын қант диабетінің 2-ші түрі қарт адамдардың дерті деп саналды.
Қант диабеті дегеніміз не
Қант диабеті – бұл гипергликемия, яғни қандағы глюкоза деңгейінің артуы біріктіретін аурулардың бүтіндей бір тобы. Бұл ұйқы безіндегі белгілі бір жасушалардың өліміне алып келетін инсулин түзілуіндегі немесе жұмысындағы ақау салдарынан болады.
Қант диабеті кейбір органдардың, әсіресе көз, бүйрек, жүйке, жүрек және қан жолдары тамырларының зақымдалуына немесе тиісті деңгейде жұмыс істей алмауына алып келеді.
Оның себептері әртүрлі болады және диабет түрі осыған байланысты.
Ресми статистикаға сүйенсек, қант диабетінің 2-ші түрі кең таралған. ДДҰ статистикасы бойынша 2025 жылға қарай әлемде осы ауруға шалдыққан адам саны 380 миллионға жетеді. Алайда бұл болжамды көрсеткіш іс жүзінде әлдеқайда көп болатыны анық. Себебі қазірдің өзінде қант диабетінің 2-ші түріне шалдыққандар саны 422 миллионға жетіп отыр.
Ресми есептеулерге сүйенсек, әрбір 10 секунд сайын әлемде қант диабетімен ауыратындар саны екі адамға артып отыр. Дүниежүзілік диабетке қарсы күрес күнінің болуы да таңғаларлық жайт емес. Ал әлемдегі барлық дерлік мемлекет осы дерттің өсуін төмендетіп, адам өлімін азайту үшін түрлі шаралар қабылдап жатыр.
Қант диабетінің түрлері
Қант диабетінің бірнеше түрі бар.
Қант диабетінің 1-ші түрі. Бұл ұйқы безінің өздігінен инсулин өндіре алмауы салдарынан қан құрамында осы гормонның тапшылығы туындауы. Бұл көбіне жас адамдарда кездеседі.
Қант диабетінің 2-ші түрі. Бұл ең көп таралған түрі. Ол ұйқы безі тым көп инсулин түзіп, бірақ глюкоза молекуласының ағза жасушаларына жеткізілуін қамтамасыз ете алмауы кезінде туындайды.
"Глюкоза – бұл энергетикалық субстрат. Ол машинаға арналған жанармай секілді энергия береді. Егер қандағы инсулин жұмыс істемесе, ол ағзада жеткіліксіз деңгейде болса, онда глюкоза жасушаларға жетпейді. Соның салдарынан жасуша жұмыс істей алмайды. Ол кейбір жасушаларға қарапайым диффузия жолы арқылы түсе алады. Ол жасушаға еніп, бір бөліктен екіншісіне өтеді. Сондай-ақ глюкоза өздігінен жете алмайтын жасушалар да бар. Оларды ақуыз жеткізуі керек. Бұл ақуыз көлік рөлін атқарады. Оны глют 4 деп атайды. Бұл ақуыз инсулин әсерімен түзіледі", - дейді эндокринолог мамандары.
Гестациялық қант диабеті. Ол тек жүкті әйелдерде кездеседі. Босанғаннан кейін көміртек алмасуы қалпына келіп жатқан кезде оның жоғалуы жиі болады. Бірақ қант диабетінің 2-ші түріне айналуы да мүмкін.
Сонымен қатар генетикалық ақаулар салдарынан туындайтын қант диабетінің басқа да айрықша түрлері кездесіп жатады. Бірақ ол сирек кездесетін жағдай.
Комментарии