Қазақстан Республикасының 2022 – 2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен медицина қызметкерлерін осы Жарлықтың бөлімдерімен таныстыру.
4-бөлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту пайымы
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы бір сарынды іс-қимылдан қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге, халықтың сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің кез келген нысандарын қабылдамауына, алдын алу шараларының басымдығына көшуді көздейді.
Қол жеткізілген нәтижелерді, халықаралық стандарттарды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық мақсаттарды ескеретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы біртұтас саясатты дамыту жалғастырылатын болады.
Тиісті шаралар мен нысаналы көрсеткіштер елдің стратегиялық құжаттарында – "Қазақстан-2050": қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" стратегиясында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында, Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында және басқаларда көзделген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы стратегиялық мақсат 2026 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде 47 баллға, 2030 жылға қарай 55 баллға қол жеткізу болып табылады.
Аталған көрсеткіш сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың ғана емес, саяси, әлеуметтік, экономикалық реформалардың да бағасын қамтитынын ескере отырып, оған қол жеткізу жөніндегі жұмысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық субъектілері тартылатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әзірленген шаралар сыбайлас жемқорлықтың, әсіресе, "тұрмыстық" сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын кешенді түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тартуға бағытталатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру, тәрбиелеу және білім беру шараларын жүйелеу, мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық өкілдерін парасатты мінез-құлыққа ынталандыру арқылы сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамауға қол жеткізілетін болады.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, оның ішінде олардың нақты үлесін бағалаудың жария жүйесін енгізу арқылы барынша мүдделі және белсенді болады.
Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлықты экономикалық және бедел жағынан тиімсіз ететін жағдайлар жасауға бағытталған.
5-бөлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат:
1) баршаның заң алдындағы теңдігі және әділдік;
2) жариялылық, айқындық және қоғамға есеп беру;
3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын кешенді пайдалану;
4) сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың басымдығы;
5) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы;
6) тиімділік пен нәтижелілік;
7) сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністерінде оны қабылдамау;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін адамдарды қорғау;
9) сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы;
10) сапалы цифрлық трансформация қағидаттарына негізделеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тәсілдері мынадай міндеттерді орындау арқылы іске асырылатын болады:
1) сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру;
2) сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін жою;
3) жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру;
4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету;
6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру.
1-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру
Құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыру
Адалдық, заңдылық пен прагматизм әркімнің ішкі құндылық нанымына айналуға тиіс.
Қоғам сыбайлас жемқорлықты проблемаларды оңай шешудің кепілі ретінде қабылдамауға, достық қарым-қатынас пен протекционизмді жұмыспен ұштастырмауға тиіс. Жемқорлар қоғамдық айыптауға ұшырауға тиіс.
Адамның сыбайлас жемқорлық іс-әрекет жасауды немесе жасамауды таңдауы жазаның ауырлығымен және қылмыс жасаудан күтілетін пайдамен салыстырылмауға тиіс.
Әртүрлі нысаналы топтар деңгейінде декомпозицияланған коммуникациялық шаралар кешенін қабылдау қоғамдық сананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы эволюциясында негізгі рөл атқарады.
Құқықтық актілерді түсінікті тілде, қысқаша түрде түсіндіре отырып, сондай-ақ цифрлық шешімдерді, оның ішінде белгілі бір өмірлік жағдайлар мен заңдық фактілер бойынша автоматтандырылған хабарларды қолдана отырып, азаматтарға олардың құқықтары туралы нақты хабарлауды дамыту қажет.
Ауқымды түсіндіру жұмысы азаматтарды мәселелерді шешудің заңсыз тәсілдерін іздеу қажеттілігінен қорғауға мүмкіндік береді.
Парасаттылық жүйесін қалыптастыру кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермейтін жаңа көзқарастары мен өмірлік қағидаттары бар жас ұрпақты тәрбиелеу аса маңызды рөл атқарады.
Тұлғаның қалыптасуының барлық кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды дарыту табыстың іргелі факторы болып табылады.
Осы орайда, отбасы институты арқылы, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуетін пайдалана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты дамыту қажет.
Білім берудің рөлін арттыру жөніндегі халықаралық практикалар мен бастамаларды имплементтеу, сондай-ақ жастардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін нығайтуға ықпал ететін болады.
Парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары білім беру жүйесіне қосылатын болады. Баланы мектепке дейінгіден бастап, әртүрлі жас кезеңдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біліммен сүйемелдеп отыру қажет.
Бұл жұмыста әлемнің дамыған елдерінде кең таралған академиялық адалдық пәрменді құралға айналуға тиіс.
Сол арқылы сыбайлас жемқорлыққа әлеуметтік иммунитеті мықты азаматтардың жаңа ұрпағы қалыптасатын болады.
Мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыру
ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары айқындық, әдептілік және сатылмаушылық болып табылады.
Азаматтардың билік органдарына деген сенімін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің оң имиджін, оның ішінде адал, лайықты мемлекеттік қызметшілердің өнегелерін кеңінен жазып-көрсету арқылы нығайту мәселелері баса назар аударуды талап етеді.
Мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті оқытуды оның үздіксіздігін, дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз ете отырып, дамыту қажет.
Мемлекеттік аппараттың "тазалығын" қамтамасыз ету үшін лауазымдық міндеттері сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелдерімен ұштасатын қызметшілермен жұмыс жөніндегі шаралар әзірленетін болады.
Сатылмаушылықтың тағы бір маңызды элементі – мүдделер қақтығысын реттеу. Бұл үшін мүдделер қақтығысын анықтау мен реттеуді жауапкершіліктің пәрменді шараларын, сондай-ақ жұмысқа орналасу алдында және мемлекеттік қызметтен босатылғаннан кейін "аптығын басу" қағидатын қолдана отырып, егжей-тегжейлі түрде регламенттеу қажет.
Бұл ретте қызметшілердің өздерін ынталандыру қажет. Бұл тұрғыда әркімнің үлесін дербестендіру қағидаты бойынша еңбекке бәсекелі ақы төлеу мен әлеуметтік пакетті қамтамасыз етудің маңызы зор.
Мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлық материалдық жағынан тиімсіз болатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы мықты мәдениет қалыптасуға тиіс.
Бизнестің парасаттылығына жәрдемдесу
Кәсіпкерлік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдау аясында адал бизнесті ынталандыру өзекті болып табылады.
Осы бағыттағы пәрменді шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты ерікті түрде имплементтеу болып табылады.
Оның құрамдас бөлігі ретінде компаниялар мен олардың персоналының қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу жөніндегі нақты шараларды қамтитын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ішкі бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру практикасын көздеу маңызды.
Тағы бір ұсыным контрагенттермен жасалатын шартқа тараптардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға жол беруге болмайтынын және олардың уақтылы алдын алуға әзір болуды өзара түсінуіне бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ескертпені енгізу мүмкіндігі болып табылады.
Аталған шаралар тиімді болуы үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің құзыретін кеңейту және жоғары оқу орындарында тиісті білім беру бағдарламаларын енгізе отырып, комплаенс-мамандар нарығын дамыту қажет.
Жұмыскерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық негіздеріне оқытудың үздіксіз процесін белгілеу керек.
Бизнес-ортадағы ашықтық пен жауапкершілікті арттыру, корпоративтік сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында бизнес субъектілері бойынша кәсіпкерлік субъектілері туралы жан-жақты мәліметтерді, оның ішінде олардың парасаттылығы мен сенімділігі тұрғысынан шоғырландыруға мүмкіндік беретін ашық интеграцияланған дерекқорды – бизнес-тізілімді кеңінен енгізу қажет.
Кәсіпкерлердің осындай дерекқорды пайдалана отырып, әлеуетті контрагенттерді бағалауы, тиісті сақтық қағидатын сақтау адал кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғайтын болады.
Сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелдеріне шалдыққан қаржылық процестер үшін сыбайлас жемқорлық индикаторларының жүйесі және оларды анықтау алгоритмдері қажет.
Ұсынылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдарды қолдану нәтижелері ұсынымдық сипатта болуға және бизнесті жүргізудің белгіленген стандарттары мен қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс.
Кәсіпкерлік субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсынымдарға сәйкестігі экономикалық және беделдік ынталандырулар арқылы оларды көтермелеу шараларын қолдануға негіз болады.
2-міндет. Сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін болдырмау
Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда сыбайлас жемқорлықты азайту
Ұтымсыз капитал салымдарын, әсіресе, мемлекеттік секторда жою мақсатында, бюджеттен қаржы құюды көздейтін жобалардың экономикалық негізділігін бағалау тетігі қайта қаралатын болады.
"Бір қол қою" қағидасын қоса алғанда, блоктық бюджетті енгізу жаңа бюджеттік қағидаларды, бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін қабылдаумен сүйемелденетін болады.
Бұл шешімдердің жеделдігін, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін және қаржыны басқарудың нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бюджет процесінде қаржылық мерзімдерден жобалық мерзімдерге көшу де қажет, бұл күнтізбелік жылдың соңында орындалған жұмыстардың актілеріне асығыс қол қоюды және осыған байланысты заң бұзуды болдырмайды.
Жалпы алғанда, мемлекеттік құжаттар мен жобаларды іске асыру кезінде жобалық менеджментті енгізу мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді құралына айналады.
Жобаларды қаржыландыру нысаналы көрсеткіштер мен мемлекеттік инвестициялаудың өлшенетін нәтижелері болған кезде ғана жүзеге асырылатын болады, бұл индикаторлардың тұтас елдің немесе нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін болжай отырып, оларды есептеу әдістемесін қалыптастыруды талап етеді.
Бағалау халықтың өмір сүру сапасын арттыру және сыбайлас жемқорлық факторларының болуы призмасы арқылы жүргізіледі. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар салаларды жан басына шаққанда қаржыландыруды көздейтін және шығындарды жабуға бюджет қаражатының бөлінуін болдырмайтын "ақша адамның соңынан ереді" қағидаты негізгі қағидат болуы тиіс.
Сонымен қатар шынайы мақсаттар мен индикаторларды алға қою үшін, сондай-ақ тиімділік көрсеткіштеріне қол жеткізуді мониторингтеу үшін анық статистикалық ақпараттың болуы қажет. Осыған байланысты көрсеткіштерді есептеудің қолданыстағы әдістемелері қайта қаралатын болады.
Мұндай шаралар мемлекеттік сектордың болжау қызметінің, "сценарийлік" жоспарлауды ұйымдастырудың және бюджет қаражатын нысаналы пайдаланудың деңгейін арттырады.
Бюджет саясатының ашықтығына қол жеткізу үшін мемлекеттік сатып алу, бюджетті жоспарлау және мемлекеттік қаржыны басқару процестерін бірыңғай платформаға біріктіру талап етіледі.
Бюджет қаражатының қанша бөлігі түпкілікті алушыларға жететіні туралы мәліметтердің ашықтығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай азайтады.
Бюджет қаражатын "ақшаны бояу" қағидаты бойынша (бөлінген сәттен бастап игерілгенге дейін) сүйемелдеуді енгізу олардың мақсатсыз пайдаланылуын болдырмайды.
Бір көзден сатып алу үлесін қысқартуға құқықтық негіздерді олардың орындылығы тұрғысынан, әсіресе зияткерлік меншік объектілері, ерекше тәртіппен және мемлекеттік тапсырмалар шеңберінде өткізілетін сатып алу бойынша қайта қарау ықпал ететін болады.
Тауарлардың нарықтық құны бағдар болатын орташа сату бағасын анықтау сатып алу жүйесін тиімді ұйымдастыруға негіз болады.
Таза бәсекелестіктің өсуі кезінде биржалық сауданың шектерін біртекті және оңай ауыстырылатын тауарларға кеңейту ұйымдастырылған тауар нарығын дамытуға әсер етеді.
Мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуы үшін бірыңғай талаптарды белгілеу осы саланы реттеуде біріздендірілген тәсілді қамтамасыз ете алады.
Бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында функциялардың қайталануын жойып және олардың тәуелсіздігін күшейте отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының жүйесі оңтайландырылады.
Бюджеттік қолдаудың экономикалық тиімділігін арттыру
Мемлекеттік қолдау саласындағы жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін (әкімшілердің көптігі, құқықтық актілердің бытыраңқылығы, қомақты бюджет қаражатының жұмсалуының жабықтығы мен бақылаусыз болуы) ескере отырып, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты өзгерту талап етіледі.
Мемлекеттік қаржылық қолдауға тек сенімді кәсіпкерлік субъектілері ғана жататын болады.
Аталған салаға ревизия жасау осы орайда бағдарламалық және стратегиялық құжаттардың басымдықтарына үйлеспейтін, мақсаттары қайталанатын, сондай-ақ экономикалық және/немесе әлеуметтік әсерді қамтамасыз етпейтін бағыттарды жоя отырып, мемлекеттік қолдау түрлерін оңтайландыруға да мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау элементтерін бөлуді автоматтандыру нәтижесі мемлекет бақылайтын әмбебап порталға тиісті электрондық инфрақұрылымды біріктіретін бірыңғай IT-платформаны қалыптастыру болады.
Бюджеттік ассигнация бенефициарларының жария тізілімін енгізу жеке мемлекеттік қолдау алушыны қадағалауға мүмкіндік береді және мүдделер қақтығысын барынша азайта отырып, оның нысаналы пайдаланылуын едәуір арттырады.
Мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін басқару әдіснамасын әзірлеу талап етіледі.
Әлеуетті адресаттар бюджеттік қолдау түрлері және оны алу мерзімдері туралы анық және уақтылы ақпарат алады. Растайтын мәліметтер сөзсіз объективті болған кезде оны бөлудің "проактивті" форматы енгізілетін болады.
Деректерді жинау, өңдеу және сақтау, сондай-ақ алушылардың қойылатын өлшемшарттарға сәйкестігін бағалау кезінде іске қосылған ақпараттық ресурстарды интеграциялау кезінде адамның қатысуы және тікелей байланыстар барынша азайтылатын болады.
Мемлекеттің экономикаға қатысуын төмендету
Мемлекеттік компаниялардың сатып алудағы үлесін қысқарту мемлекеттік саясаттың негіз қалаушы қағидаттарының біріне айналады.
Мемлекеттік кәсіпорындар (ұлттық холдингтер) үшін монополиялық жеңілдіктер мен ерекшеліктер тізбесін оңтайландыру сатып алу рәсімдері тиімділігінің және бағалардың бәсекеге қабілеттілігінің өсуіне алып келеді.
Мемлекеттік сектор қызметіне кешенді функционалдық талдау жасауды жалғастыру бәсекелес ортаға беруге жататын функцияларды анықтауға мүмкіндік береді.
Жария құқықтың заңды тұлғалар институтын енгізу тиімді тетіктердің бірі бола алады.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін жекешелендіру туралы шешімдер қабылдау кезінде тиісті талаптар мен бақылауды күшейткен маңызды. Жекеше секторға өкілеттіктерді беру нәтижеге бағдарланған есептілік жүйелерін енгізумен сүйемелденуге тиіс.
Рәсімдердің айқындығын және кепілдік жарнадан төмен емес әділ нарықтық құнды қамтамасыз ете отырып, объектілерді мемлекеттік емес секторға беру тізбесі мен тетіктерін қайта қарау талап етіледі.
Мемлекеттік мүлікті тиімді басқару бойынша заңнамалық тұрғыда бекітілген тетіктер Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылатын болады.
Сонымен қатар бәсекелестік жеткіліксіз салаларды қоспағанда, мемлекеттің жүз пайыз қатысу үлесі бар ұйымдардың мемлекеттік қолдау (субсидия, гранттар) алуына тыйым салуды пысықтау қажет.
Сапалы цифрландыру сыбайлас жемқорлықты төмендету факторы ретінде
Цифрландыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, азаматтың шенеунікпен тікелей байланысын және тиісінше, "тұрмыстық" сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын болдырмай, барлық рәсімдердің бюрократиядан арылтуға және ашықтығына кепілдік береді.
Мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін цифрлық форматқа көшіру арқылы озық технологиялық шешімдерді одан әрі қолдану барлық салаларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталатын болады.
Деректердің бірыңғай ауқымына негізделген цифрлық Үкіметтің жаңа архитектурасын құру азаматтардың өмірін айтарлықтай жеңілдетеді. Талап етілетін құжаттар автоматты түрде берілетіндіктен мемлекеттік органдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажеттігі жойылады.
Мемлекеттік көрсетілетін жасырын қызметтерді алып тастау, сондай-ақ мемлекеттік емес платформалар арқылы электрондық форматты бір мезгілде кеңейте отырып, мемлекеттік қызметтер көрсетудің баламалы тәсілдерін қысқарту дәйекті қадам болады.
Мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсетудің және мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін реинжинирингтеудің жүйелі шаралары Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде іске асырылатын болады.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын цифрлық трансформация талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сараптау, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді әзірлеу мен пайдалану кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады.
Қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесін жедел төлемдер инфрақұрылымын кеңейту арқылы, оның ішінде азаматтың цифрлық "әлеуметтік әмиянын" пайдалана отырып ұлғайту маңызды шара болып табылады, бұл ақша ағындарын оңайлатады және олардың ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын анықтау және жою құралдарын жетілдіру
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жариялылығы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлық алғышарттарын өз бетінше жою белсенділігін арттыруға ықпал ететін болады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау және ұсынымдарды іске асыру мониторингі процесіне қоғамдық кеңестерді тарту арқылы сапа мен объективтілік қамтамасыз етілетін болады.
Жобалық тәсіл шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау институтын дамыту оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, дербес жауапкершілікті, проблемаларды кешенді түрде шешуді және формализмнің алдын алуды қамтамасыз етеді.
Бұған ықтимал сыбайлас жемқорлыққа осал тұстар туралы белгі беретін индикаторлары бар салалық картограммаларды әзірлеу ықпал ететін болады. Тәуекелдердің мұндай бейіндері сыбайлас жемқорлықтың жалпы көрінісін нәтижесіз талқылаудан арыла отырып, азаматтар үшін аса сезімтал салаларда нақты алдын алу шараларына негіз болады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жасалған сыртқы және ішкі талдаулардың ұсынымдары құқықтық мониторинг жүргізу көздерінің тізбесіне енгізілетін болады, оның нәтижелері қоғамдық кеңес отырыстарында қарау нысанасына айналады.
Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама институтын, оның ішінде сарапшылық әлеуетті жетілдіру арқылы одан әрі дамыту қажет.
Ғылыми тәсіл және жасанды интеллект элементтерін енгізу ресурстарды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ете отырып, осы жұмыстың сапасы мен қамту аясын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда алдын алудың анағұрлым әсеріне қол жеткізу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың ғылыми құрамдас бөлігін дамыту бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады.
3-міндет. Жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру
Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты жазалау практикасында ғана емес, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, келтірілген залалды өтеуде және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруде де болуға тиіс.
Бұл жерде құқық үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігінің мінсіз жүйесі шешуші болуға тиіс, мұнда атқаратын лауазымдары мен байланыстарына қарамастан, барлық құқық бұзушылар сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылатын болады.
Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде сот билігі мен судьялардың тәуелсіздігі күшейтіледі, олардың қызметінің ашықтығы мен олар қабылдайтын шешімдердің әділдігі қамтамасыз етіледі.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізу де елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде пәрменді шара болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте заңсыз жұмыс әдістері мен арандатушылық әрекеттерге жол берілмейді. Кінәсіздік презумпциясы конституциялық қағидатын қатаң басшылыққа алу қажет.
Ықтимал сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінен қоғамға келтірілетін залалды болғызбай, жосықсыз қызметшілерді уақтылы анықтауға және жұмыстан босатуға мүмкіндік беретін парасаттылыққа тексеруді (integrity check) енгізудің тетіктерін әзірлеу қажет.
Бұл ретте тексерушілер тарапынан теріс пайдаланудан қорғау кепілдіктері көзделетін болады.
Игіліктерді заңсыз алу сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау үшін басты себеп болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықты "тиімсіз" ететін, яғни заңсыз жиналған қаражатты пайдалану мүмкіндігін жоятын тетіктерді енгізу талап етіледі.
Шығыстар кірістерден айтарлықтай асып кеткен кезде негізсіз баю үшін жауапкершілікті енгізу осындай құралдардың бірі болады.
Аталған институттың пәрменділігін қамтамасыз ету үшін кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде декларацияларды, оның ішінде электрондық жүйелер арқылы тәуекелге бағдарланған тиімді тексеру қолданылатын болады.
Жария лауазымдардың тізілімін енгізу қаржылық мониторинг шеңберінде осы тізімге кіретін адамдардың ғана емес, олардың жақын туыстарының да ірі сатып алуы мен операцияларын қадағалауға мүмкіндік береді.
БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының негіз қалаушы қағидатын іске асыру – қылмыстық құқық бұзушылықтарды, әсіресе қылмыстық кіріс алу және оны заңдастыру тәуекелдерімен ұштасқан қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеру кезінде қылмыстық активтерді іздестіру мен қайтаруды қамтамасыз ету келесі қадам болады.
Осы мақсатта "ақшаны қадағалау" ("follow the money") қағидаты бойынша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тиісті мамандануын және олардың уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен белсенді ынтымақтасуын қамтамасыз ете отырып, міндетті қаржылық тергеп-тексеруді көздеу қажет.
Сыбайлас жемқорлықта жосықсыз шенеуніктермен қатар бизнес-орта да мүдделі тарап болып табылады. Сараптамалық бағалауларға сәйкес, заңды тұлғалардың парадан алатын пайдасы параның өзінен он есе көп.
Сондықтан сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту сыбайлас жемқорлықты төмендету үшін міндетті шарттардың бірі болып табылады.
Үлкен айыппұл санкцияларын және басқа да шектеу шараларын қолдану компаниялар үшін лауазымды адамдарды параға сатып алуды экономикалық тұрғыдан тиімсіз етеді.
Сонымен бір мезгілде кәсіпкерлік субъектілерін лауазымды адамдардың құқыққа сыйымсыз әрекеттерінен, оның ішінде рейдерліктен қорғау жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
"Тұрмыстық" сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жүйелі шаралар тұрғысынан мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдар жұмыскерлерінің заңсыз материалдық сыйақыны қорқытып алу фактілерінің жолын кесу тәсілдері қайта қаралатын болады.
Неғұрлым тиімді алдын алу тетігі мақсатында пара ұсынуды/параны уәде етуді криминалдандыру қажет, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда елеулі прогреске қол жеткізу және жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін, Қазақстанның жаңа халықаралық құқықтық құралдарға – Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауаптылық туралы конвенциясына және ЭЫДҰ-ның Халықаралық коммерциялық мәмілелерді жүзеге асыру кезінде шетелдік лауазымды адамдарды параға сатып алумен күрес жөніндегі конвенциясына қосылу керек.
4-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейту
Қоғамдық бақылау институтын дамыту
Азаматтық қоғамның пікірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудың "лакмус қағазы" болуға тиіс.
Қоғамдық бақылауды іске асыру тетіктері қоғамдық кеңестердің қызметімен шектелмейді.
Осы бағытта "Қоғамдық бақылау туралы" Заңның қабылдануы маңызды болып табылады, ол мемлекеттік бақылауға балама ретінде осы институтты айқындап береді.
Азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет процесіне, мемлекеттік сатып алу мониторингіне, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға, қандай да бір саладағы, өңірдегі неғұрлым проблемалы, өткір мәселелерді айқындауға қатысуы арқылы олардың мемлекетпен өзара іс-қимыл процестерін жетілдіру қажет.
Мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен іске асырылатын жобаларға тиімді қоғамдық мониторинг енгізіледі.
Мемлекеттік органдардың шешімдері туралы ақпараттың жариялылығы азаматтық қоғаммен сындарлы диалогқа жәрдемдесетін болады және халықтың шенеуніктермен артық байланыс жасау қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді.
Бұл ретте мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпарат беруіндегі бытыраңқылық пен көп есептілікті жойған жөн.
Пәрменді кері байланыс тұрғысынан азаматтар үшін өзекті әрі түсінікті деректерді орналастыра отырып, мемлекеттік органдардың жария ақпараттық ресурстарын оңайлатуды қамтамасыз ету қажет.
Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қоғамдық кеңестерінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы рөлін күшейту бөлігінде олардың функцияларын объективті түрде қайта қарау талап етіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға журналистер мен өзге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарту қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал ететін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде журналистердің өкілеттіктері мен құқықтарының әлеуетін барынша толық пайдалануға ықпал ету қажет.
Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлау тетіктерін жақсарту
Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтауға қатысуын ынталандыру үшін олар туралы хабарлаудың қолданыстағы тетіктері дамытылатын болады.
Қоғамдық санада дұрыс көзқарас қалыптастырған маңызды. Сыбайлас жемқорлықты қабылдамау мәдениеті сөз жеткізушілікпен астаспауға тиіс.
Азаматтарға сыбайлас жемқорлық фактілері туралы цифрлық коммуникацияның оңайлатылған тәсілдері арқылы хабарлау мүмкіндігі берілуге тиіс.
Бұл ретте бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша қоғамдық резонанс тудыратын сигналдарға ерекше назар аудару қажет. Мұндай кеңінен үн қосу теріс пайдалану және тиімсіз жұмсау фактілерінің алдын алу жағдайында көтермелеуге негіз болуға тиіс.
ЭЫДҰ-ның және ГРЕКО-ның ұсынымдарына сәйкес сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғаудың кешенді жүйесін заңнамалық деңгейде енгізу талап етіледі.
Ақпарат берушілерді жұмыс орнында қудалау мен қысым жасаудан қорғай отырып, олардың еңбек ету құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды бекіту қажет.
Арыз иесі туралы және оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көрсеткен жәрдем туралы ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылық енгізе отырып, оның құпиялылығына кепілдік берілуге тиіс.
5-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда үздік нәтижелерге қол жеткізу және қабылданатын шаралардың тиімділігін объективті бағалау мониторингтің тұтас жүйесі арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Енгізілетін жобалық тәсілді ескере отырып, ол объективтілік және жариялылық қағидаттарына негізделетін болады және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ахуалды нақты уақыт режимінде көрсететін индикатор болады.
Мұндай құрал азаматтардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының жұмысын рейтингтік бағалау көзі болып, оларды азаматтардың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға ынталандырады.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін әлеуметтанушылық өлшеулерді дамыту мәселесі жұртшылықтың мұндай зерттеулердің нәтижелеріне, оларды жүргізу тәсілдері мен әдістеріне кеңінен қолын жеткізе отырып, жеке қарауды талап етеді.
Сыбайлас жемқорлықты түйсінудің ұлттық индексін қалыптастыру мәселесі өзекті болып отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларының қаншалықты тиімді екенін түсінуге, өзгерістерді бағалауға және іске асырылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
6-міндет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіру
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға баса мән беріліп жатқан кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мемлекеттік органдар мен ұйымдардың дерекқорларына және ақпараттық жүйелеріне, қол жеткізудің нақты негіздерін, алынған ақпаратты теріс пайдалану мен жария ету және оларды қызметтен тыс мақсаттарда пайдалану мүмкіндіктерін болдырмайтын бақылау тетіктерін белгілей отырып, қол жеткізу мәселесін одан әрі пысықтай отырып, үлкен деректерді талдау негізінде интеграцияланған талдау құралдарын қолдану өзекті болып отыр.
Мұндай тетік жасырын заңдылықтар мен тәуекелдерінің арақатынасын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың үрдістері мен басқа да инсайдтарды анықтауға ықпал ететін болады.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлық алғышарттарының бар екендігі туралы сигналдары кейіннен ден қою шараларын қабылдау үшін үлкен деректерді талдау шеңберінде пайдаланылуға тиіс.
"1424" call-орталығы кадрлық және техникалық тұрғыдан озық стандарттарға сәйкес келетін болады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтерінің жұмысы мәселелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның үйлестіруші рөлі күшейтіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде кешенділік пен толықтығын қамтамасыз ету үшін Әдеп жөніндегі уәкілдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өзара іс-қимылын регламенттеу қажет.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде кешенділік пен толықтықты қамтамасыз ету үшін әдеп жөніндегі уәкілдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен өзара іс-қимылын регламенттеу қажет.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың жаңа тәсілдерінің пайда болуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз сапалы арттыру процесін талап етеді.
Цифрлық қаржы активтерін, криптобиржаларды және басқа да цифрлық платформаларды пайдалана отырып жасалатын қылмыстарды анықтау және олардың жолын кесу жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде одан арғы байыпты халықаралық ынтымақтастық шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы озық стандарттарды имплементтеу жөніндегі жұмыс, оның ішінде ГРЕКО-ның және ЭЫДҰ-ның ұсынымдарын іске асыру арқылы жалғасатын болады.
Заңгер/комплаенс офицері Н.Н.Сағидолдаев